Хандар қырғыны…

ХАНДАР ҚЫРҒЫНЫ…

Әбілқайыр ханға күшті сұлтандар керек болмады. Сонымен қоса ханның Барақ хан мен Болат сұлтандарға, жалпы Жошы әулетінен шыққан сұлтандармен ашық текетіреске шығып, өзіне қарсы қою тиімсіз болды. Себебі оның билігінің алғашқы жылдары оған қарсы жаулар тым көп болды да, ол жауларын көбейтуді қаламады. Оның ойынша бұл аймаққа ие болған сұлтандар өздеріне мықты тірек жасап, кейін өзіме қарсы шығады деген ауыр ой мазалады. Сол себепті ол өз қолымен тартып алғаннан көрі Міне, осы кезде Әбілқайырмен арасы жылымық болып тұрған Мәуреннахр билеушілеріне нақтылай көмек көрсетпесе де, Керей мен Жәнібектің Сыр бойындағы ұлысын тартып алғанда өзінің бейтарап қалатынын білдірді. Әйтпесе билеушіден билеуші ауыстырып, өз іштерінде қырық пышақ болып жатқан Темір әулетіне бұл аймақтарды тартып алу қиынға соғар еді. Осылайша қалалы мекендер жас сұлтандардың қолдарынан сусып шығып, қашан Әбілқайыр басып алмайынша Темір әулетінің иелігіне өтіп кетті. Ал сұлтандар далалық аймақтағы иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Бұл жағдай Керей мен Жәнібектің өзбек ханына тәуелділігін күшейтті. Ендігі жерде жас сұлтандардың Әбілқайырға түбегейлі тәуелділікке түсіп қалу қаупі туды. Ал далалық ханзадалар сарайдың қызметшісі болуды қаламады. Сол себепті өзара ым жымы бір Жошылық сұлтандарды өздеріне тартып, болашақ тақ үшін талас жолына түсуге мәжбүр болды.

Бұл уақытта батыста келесі түрік мемлекеті Османлы сұлтандары Әмір Темірдің ойранынан соң 50 жыл бойы бұрынғы қалпына келу үшін күресті. Осы күресте олар сыртқы жауларынан гөрі, бір бірлерін аяусыз қырғынға ұшыратты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Сыр жағасындағы қалалардан шеттеп, далалық иеліктерді ұстап тұрғанда Осман сұлтаны II Мұрат бабаларының жерін қайтарам деп арпалысты. Осы күрес үстінде ол біресе тақтан безіп, ел кезіп кетсе, кейін қайта оралуға мәжбүр болды. оның қарсыластары тым көбейіп кетті. Бүкіл Еуропа осман сұлтандарының осы әлсірегенін пайдаланып қалуға тырысты. Осман түріктерінде мұны тоқтатарлық артиллерия, не мықты флот болмады. Осылайша Еуропадағы түріктердің істері шатқаяқтап кетті.
Ал батыста Қажы Герей тәуелсіз Қырым хандығының негізін қалады. Кезінде жаһанды дүрліктірген Алтын Орда империясының күні батуға таяды.

Ал шығыста өздерін Шыңғыс тұқымынан артық санаған ойраттың шорос тайпасының билеушісі Есен хан тарих сахнасына көтерілді. Олар моңғолдарды әлсіз санады. Бірақ күллі Моңғолия сахарасындағы жұрт ойраттардың бұл өркөкіректігіне іштей тістерін қайраумен болды. Есен хан әкесінен гөрі тым батылдау болып шықты. Әкесі Тоған ханнан соң сөз жүзінде Дайсын ханды Моңғол хандығының патшасы деп мойындай отырып, іс жүзінде өзі билік етті. Мин әулетінің тепкінімен Қытайдан қуылған моңғол билеушілері өз араларынан шыққан ойраттық көшбасшының соңынан еруге мәжбүр болды. Бір кездері Шыңғыстың оң қанаты болып қызмет еткен тайпалар ендігі жерде өз билеушілерін тәуелділікке түсірді.

(с) Р.Рамазанұлы, “ПАТШАЛАР СОҒЫСЫ II”